Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма Төрағасы Марат Пашимов және «Сунчонхян» (Оңтүстік Корея, Пучон қ.) университеттік медицина орталығының Халықаралық істер басқармасының төрағасы Ким Хён Чоль медицина ғылымы және медициналық білім беру, академиялық, ғылыми және кәсіби алмасулар саласында Халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қоюдың мақсаты: медицина ғылымы мен білім беру, бірлескен ғылыми зерттеулер саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.
Тараптар оқытушылармен, білім алушылармен, ғылыми және медицина қызметкерлерімен өзара алмасуға, бірлескен халықаралық білім беру, ғылыми және практикалық іс-шараларды: конференциялар, симпозиумдар, форумдар, семинарлар, шеберлік сыныптар мен медициналық қызметкерлер үшін клиникалық медицина саласындағы кәсіби тағылымдамаларды ұйымдастыру және өткізу бойынша тәжірибе алмасуға ықпал етуге келісті.
Терапия бойынша білім берудегі ынтымақтастықтың басым, бірінші кезектегі бағыттары (гастроэнтерология, эндокринология, пульмонология, ревматология, нефрология және т.б.) таңдалды.
Ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл білім мен дағдыларды таратуға көмектеседі, халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.