SARS-CoV-2 коронаровирусын жұқтырған адамдардың көбінде тамақтың ауруы, жөтелу, дененің ауырсынуы және дене қызуының көтерілуі секілді симптомдармен бірге, аурудың әлсіз білінетін ағымы байқалады. Алайда кей пациенттерде өкпенің қатты зақымданатын ағымы да өрши бастайды.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының жетекшісі, м.ғ.к. Айсұлу Мұсағалиеваның айтуынша, коронавирус инфекциясынан таралған пандемия індеті кезінде жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттер ерекше топқа кіреді. Бүгінгі таңда жүрек-қантамыр аурулары бар науқастар коронавирусты оңай жұқтырады деген мәлімет жоқ. Дегенмен, кез келген инфекциялық процесс, оның ішінде коронавируспен туындаған инфекция жүрек-қантамыр ауруларының асқынуын одан да жоғары қауіппен өршітуі мүмкін.
COVID-19 алғаш тіркелген Қытайдың мәліметтері аурудың күрделі түрі дамыған немесе оның салдарынан тіпті өлімге әкелген пациенттердің көбінде қант диабеті және артериялық гипертензия секілді ілеспелі патологиялардың болғандығын дәлелдеді. Қытайда болған өлімнің орташа саны COVID-19 ауыратын пациенттердің 2,4% құрады, ал артериялық гипертониясы бар пациенттерде ол 6%-ға, қант диабетінде 7,3%-ға өсті.
Мұның нақты себебі әлі анықталмады. Мүмкін, диабет те, гипертония ауруы да әсіресе егде адамдардың арасында кең таралуымен байланысты болар, себебі COVID-19-дан болатын өлім саны осы санаттағы адамдардың арасында жоғары болып отыр.
Пандемия кезінде артериялық гипертониясы бар науқастарға терапевт пен кардиологқа жоспарлы қаралып тексерілуді тоқтата тұру ұсынылады. Бастапқы медициналық ұйымдар мүмкіндігінше қашықтықтан консультация беріп және препараттарды үйлеріне жеткізуді қамтамасыз етуге тырысады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жоғары артериялық қысымды емдеуде кең қолданылатын кей препараттарды COVID-19 жағдайында пайдалануға болмайтындығы туралы мәліметтер пайда болды. Алайда бұл пікірлердің ешқандай ғылыми дәлелденген негіздері жоқ. Еуропалық кардиологтар қоғамы, Британдық кардиологиялық қоғамы және Америкалық жүрек қауымдастығы секілді ірі медициналық қауымдастықтар антигипертензивтік препараттарды қабылдауды жалғастыруды ұсынады, себебі олардың оң әсері дәлелденген.
Қазіргі таңда осы вирустық инфекцияның алдын алуға арналған ерекше профилактикалық шаралар жоқ. Жұқтырудың алдын алу үшін мынадай ұсынымдарды орындау қажет:
- жұқтырған адамдардан алшақ жүру;
- мүмкіндігінше басқа адамдармен арадағы қашықтықты 2 метрге дейін сақтау;
- қолды жылы сумен жиі сабындап жуу (20 секундтан кем емес);
- жөтелген немесе түшкірген кезде ауыз бен мұрынды қол орамалмен немесе шынтақты бүгіп жабу;
- көз, мұрын және ауызға қол тигізбеу;
- жиі қолданатын заттарды: есік тұтқасы, шкафтың тұтқалары, электр қосқыштары және т.б. дезинфекциялау;
- үйде оқшаулау (үй карантині) қағидаларын орындау.