Бүгінгі таңда қант диабеті бүкіл әлемде адамдардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді, бұл аурудың таралуы арту үстінде. Халықаралық қант диабеті федерациясының Диабет атласында (10-шы басылым) жарияланған соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір 537 миллион ересек адам қант диабетімен ауырады. Тіркелімнің деректері бойынша Қазақстанда 2024 жылдың 1 қазанында 1 және 2 типті қант диабетімен ауыратын 516 564 пациент тіркелген, бұл ретте 2 типті ҚД – 486 853 (шамамен 95%).
Осыған орай, тәжірибе алмасу және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылау мақсатында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басшылығы: Басқарма төрағасы Марат Пашимов, оның ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамила Қайбуллаева, эндокринология кафедрасының меңгерушісі Лаура Даньярова Копенгагендегі (Дания) Steno Қант диабеті орталығына барды. Бұл Солтүстік Еуропадағы ең ірі Қант диабеті орталығы, онда жыл сайын 11000-13000 адам емделеді.
Сапар барысында Диабетология орталығының жетекші мамандарымен кездесулер өтті, ерте диагностика және асқынуларды емдеудің заманауи тәсілдері, денсаулық сақтау саласының бастапқы буыны деңгейінде медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, қант диабетімен ауыратын науқастарға күтім көрсетуді ұйымдастырудағы бірегей тәжірибе мен ғылыми тәсілді зерделеу үшін, оның ішінде медициналық кадрларды және әсіресе орта медициналық персоналды даярлау саласында елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
КІАҒЗИ базасында қант диабетінің әртүрлі түрлерімен ауыратын науқастарға мамандандырылған көмек көрсету үшін Қант диабеті және метаболизм орталығы құрылғанын айта кету керек,. Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, олардың өмір сүру сапасын арттыру, мүгедектікті азайту және аяқ-қол ампутациясының алдын алу мақсатында Диабеттік табан кабинеті ұйымдастырылды.