Жақын және алыс шет елдердің жетекші медициналық орталықтарымен ынтымақтастық аясында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ қызметкерлері: кардиохирург Мақсат Жақаев, кардиолог Әйгерім Нағиматуллаева, перфузиолог Ахан Баграмов, кардиохирургия бөлімшесінің аға мейіргері Талшын Есенова, операциялық медбике Гүлбану Абдал және анестезист мейіргер Айна Бегалиева Каунас қаласындағы Литва денсаулық ғылымдары университетінің ауруханасында тағылымдамадан өтті.
Литва денсаулық ғылымдары университетінің ауруханасы 1940 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Литвадағы ең ірі денсаулық сақтау мекемесі. Ауруханада жылына ашық жүрекке 1000 ота, негізінен қақпақша патологиясын түзету, кеуде қолқасына 150 ота, сонымен қатар ЭКМО, LVAD және жүрек трансплантациясы жасалады.
Трикуспидальдық жетіспеушілікті түзету тіпті 1-ші дәрежелі жеткіліксіздікте де жүзеге асырылады, ал операция кезінде жасанды қан айналымын қолданғанда ингаляциялық анестезия - севофлуран пайдаланады. Кеуде аортасын ауыстырған кезде гибридті өткізгіштер қолданылады.
КІАҒЗИ мамандары науқастарды операцияға дейін дайындау, анестезия, операциядан кейінгі науқастарды күту бойынша пайдалы тәжірибе жинақтады, перфузия саласындағы қауіпсіз технологиялармен, мейіргерлердің жұмысын ұйымдастыру және т.б. танысты.
Литва денсаулық ғылымдары университетінің ауруханасында 2025 дәрігер, 2399 медбике және 900-ге жуық резидент жұмыс істейді. Аурухана бір мезгілде 2300 науқасты қабылдай алады.