Бүкіл әлем коронавирус пандемиясына бейімделіп, жұмыстың цифрлық форматына ауысуда, бұл ретте медициналық ғылыми қоғам да сырт қалған жоқ. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ дәрігерлері халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді түрде қатысып, тәжірибе мен білімін онлайн режимінде ортаға салып, бөлісуде.
2020 жылғы 19-20 маусым аралығында АҚШ, Франция, Германия, Қытай, Израиль, Түркия, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның кардиохирургия және кардиология саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшыларының қатысуымен онлайн форматта академик И.Ахунбаевтың құрметіне арналған Жүрек хирургиясы және ағзалар трансплантациясы ҒЗИ жыл сайынғы III сессиясы өтті.
«Интервенциялық аритмология» сессиясының модераторы - КІАҒЗИ аритмология бөлімшесінің меңгерушісі Роин Реквава «Жүрекше фибрилляциясы кезіндегі инсульттің профилактикасы: Сол жақ жүрекше құлақшасының окклюзиясы» тақырыбында баяндама жасады.
Ағымдағы жылғы 20 маусымда Азия континентінің кардиология саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен цифрлық форматта өткен Asian Heart Society Congress 2020 бірінші конгресінің шеңберінде Роин Реквава спикер ретінде қатысты. Ол Азиядағы клиникалық зерттеулерді дамыту мен қолдаудың мүмкіндіктері туралы айтып берді.