КІАҒЗИ дәрігерлері Оңтүстік Корея, Пусан ұлттық университетінің Янсан ауруханасында тағылымдамадан өтті

КІАҒЗИ дәрігерлері Оңтүстік Корея, Пусан ұлттық университетінің Янсан ауруханасында тағылымдамадан өтті

Алыс және жақын шетелдердің жетекші медициналық орталықтарымен ынтымақтастық аясында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының кардиохирург, анестезиолог, кардиолог және функционалдық диагностика дәрігерлері Оңтүстік Корея, Пусан ұлттық университетінің Янсан ауруханасында тағылымдамадан өтті.

Пусан қаласында орналасқан Янсан ауруханасы 68 жыл бұрын, яғни 1956 жылы құрылған. Ол JCI халықаралық аккредитациясынан үш рет өткен және әлемдегі ең үздік клиникалардың ондығына кіреді. 2023 жылы ол органдарды трансплантациялау бойынша Оңтүстік Кореяның рекордын жаңартты (10 жылда 3000 орган трансплантацияланды).

КІАҒЗИ дәрігерлері өз саласындағы жетекші мамандармен, профессорлармен тікелей бөлімшелерде жұмыс атқарды, кардиохирургиялық операцияларға қатысып, кардиологиялық науқастарды басқаруда, соның ішінде жүрек трансплантациясы бойынша үлкен тәжірибе жинақтады. Соңғы буын жабдықтарының жұмысымен танысты.

Кардиохирург Жанар Нұрбай корей кардиохирургтары, профессорлар Ли Чи Хун, Джэ Хён Гон және Джу Мин Хоның өрлемелі қолқа аортасын, жүрек клапандарын протездеу, криоаблацияның инновациялық әдістерімен, жүрек трансплантациясы және LVAD бойынша тәжірибелерімен танысты, сонымен қатар КІАҒЗИ-ның тәжірибесімен бөлісті.

Анестезиолог-реаниматолог Әсем Баққараева профессор Ким Хи Юннан операция кезінде пациенттерге анестезия жасаудың қыр-сырын үйренді және кардиохирургиялық операциядан кейінгі науқастарды басқару тәжірибесімен танысты.

Кардиолог Салтанат Қасымбекова кардиологиялық науқастарды басқару, жүрек трансплантациясына дейін және одан кейін науқастармен жұмыс жасау, LVAD операциясына науқастарды іріктеу, осы санаттағы науқастарға эхокардиография және жүрек трансплантациясынан кейінгі науқастарға жүрек биопсиясын жасау тәжірибесімен танысты.

Функционалды диагностика дәрігері Гүлжауғар Биекенова эхокардиография жасау тактикасымен танысты. Аурухананың барлық дәрігерлері, мамандығына қарамастан, эхокардиографияны жақсы біледі және бұл процедураны өз бетінше орындай алады, сондықтан бұл процедураны зертханада медбикелер жүргізеді.

Тағылымдамадан өткен мамандар жүрек трансплантациясынан кейінгі науқастарды басқару, LVAD, стандартты операциялар мен аз инвазивті операцияларды жүргізудің хирургиялық тактикасы және анестезиологиялық көмек бойынша инновациялық технологияларды өз институтында енгізуге дайын.

Медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылы білім мен дағдыларды таратуға көмектеседі және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.