2023 жылғы 12 және 16 маусым аралығында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да м.ғ.д., профессор, РҒА академигі Сергей Артёменконың жетекшілігімен жүректің ырғағы мен өткізгіштігінің күрделі бұзылыстарын емдеу бойынша катетерлік араласулар жүргізілуде.
Бұл күндері кешенді аритмияға шалдыққан пациенттерге жоғары білікті көмек көрсетілуде. Үш өлшемді навигациялық карталаудың озық жүйелерін пайдалана отырып, абляция жүргізіледі.
Сондай-ақ, аритмияның патологиялық ошақтары жүректің өткізгіш жүйесінде немесе онымен «қауіпті» жақын орналасқан пациенттерге операциялар жасалды. Мұндай араласулар мамандардың жоғары біліктілігін, жоғары технологиялық жабдықтың болуын және пациенттердің тиісті дайындығын талап етеді.
Профессордың айтуынша, осының барлығының институтта болуы қазақстандық әріптестермен бірлесіп, ең күрделі операцияларды, оның ішінде жүрек ырғағының бұзылуымен және ілеспе патологиялармен байланысты аралас операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. 3D технологиялары аритмияның көзін - патологиялық ошақты 1 миллиметрге дейін басқа тамырларға зақым келтірмей табуға мүмкіндік береді, операция барысында нәтижесі белгілі болып пациент толығымен қалпына келеді.
Бұл іс жүзінде «зергерлік» жұмыс. Клиниканың аритмологтары өздігінен ресейлік әріптесінің бақылауымен 40-қа жуық операция жасады. Негізінен, бұрын мұндай манипуляциялар бірнеше рет жасалған пациенттерге операция жасалды.
Мәселен, Алматы облысы Ұйғыр ауданынан келген 42 жастағы Әркенжан Итақов: «Мен мұндай операцияны үшінші рет жасатып отырмын. Ентігетінмін, тез жүре алмайтынмын, тіпті 2 - 3 қабатқа демалып көтерілетінмін. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлерге алғысым шексіз, оларға денсаулық, қажырлы еңбектеріне табыс тілеймін», дейді.
Мұндай операциялар ырғақтың бұзылуын диагностикалаудың дәлдігін, операциядан кейінгі ерте және алыс кезеңдердегі пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру, бір пациентте қайталама араласулар жүргізу қажеттілігін азайту, инфаркт, жүрек жеткіліксіздігі, инсульт және т.б. кенеттен болатын өлім мен асқынулардың санын азайту арқылы пациенттерді емдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.