Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да ревматологиялық бейіндегі пациенттерді диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістері кеңінен қолданылады.
Жүйелі қызыл жегі, жүйелі склеродерма, дерматомиозит сияқты дәнекер тінінің жүйелі аурулары бар пациенттерге патогенетикалық және гендік-инженерлік биологиялық терапия жүргізіледі.
Мысалы, пациент М. 4 жыл бойы институттың ревматологының бақылауында.
«Оның барлық буындарда ауырсыну, жалпы әлсіздік, оң көздің птозы (патологиялық төмен орналасуы, жоғарғы қабақтың түсуі), дауыстың қарлығуы, терінің құрғауы, ауыздың және көздің құрғауы, қан қысымының 70/40 мм,сын.бағ. дейін төмендеуімен бастың ауруы, бас айналу, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, тез шаршап қалу жөнінде шағымдары болды», - дейді ревматолог дәрігер, №2 терапия бөлімшесінің меңгерушісі және емдеуші дәрігер Майса Калыкова.
Дәрігердің айтуынша, объективті тексеріп-қарау, зертханалық, құрал-аспаптық зерттеулер жүргізгеннен кейін екі күрделі ауру диагнозы қойылғды: жүйелі қызыл жегі және гравис миастениясы (аутоиммунды жүйке-бұлшықет ауруы). Пациенттің жағдайы мультидисциплинарлық консилиумда талқыланды. Екі күрделі аурудың болуы негізгі препараттарды таңдауда қиындықтар туғызады, сонымен қатар аурудың ағымын нашарлатады. Пациент гендік-инженерлік биологиялық терапияға алынды: ритуксимаб микофенолат мофетилмен және метипредоммен бірге, миастения терапиясы да басталды.
Дұрыс таңдалған терапия аясында науқастың жағдайы жақсарды, әлсіздік едәуір төмендеді, буындардың ауыруы тоқтады, жалпы жағдайы жақсарды.
Миастения бұлшықет әлсіздігі мен тез шаршау эпизодтарымен сипатталады. Симптомдар бұлшық еттерге күш түскенде күшейеді және тынышталғанда азаяды. Емдеу антихолинэстеразды препараттарды, иммундық депрессанттарды, кортикостероидтарды, плазмаферезді, көктамырішілік иммундық глобулинді және кейбір жағдайларда тимэктомияны (тимус безін алып тастау операциясы) қамтиды.
Жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ) - бұл созылмалы аутоиммунды ауру, ол әртүрлі мүшелерге, әсіресе теріге, буындарға, қан түзілім жүйесіне, бүйрекке және орталық жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін. Егер аурумен күресу ерте сатыда басталса, сондай-ақ ұзақ және дәйекті түрде жүргізілсе, ЖҚЖ нәтижесі жақсарады. Егер пациент тиісті ем алса, онда ауру әдетте шегініп, ремиссияға ауысуы мүмкін. Алайда, ЖҚЖ болжанбайтын созылмалы ауру болғандықтан, пациенттер үнемі медициналық бақылауда қалады және дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдайды», - деп түсіндіріп өтті доктор.