Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Алматы қаласының интервенциялық кардиологтары мен рентгенхирургтары үшін РФ Денсаулық сақтау министрлігінің Кардиология ҰМЗО-ның бас ғылыми қызметкері, амбулаториялық жағдайда диагностикалау мен емдеудің рентгенэндоваскулярлық әдістері зертханасының басшысы, м.ғ.д. Юрий Матчиннің қатысуымен коронарлық артерияларды тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу бойынша шеберлік класы өтті.
ҒЗИ Басқарма төрағасы, м.ғ.д., профессор Роза Куанышбекованың айтуынша, клиника басшылығы мамандардың кәсіби жағынан өсуі, жаңа білім мен дағдыларды игеруіне қажетті жағдайлардың болуы үшін бар күшін салуда.
«Пациенттер сапалы және білікті көмек алуы үшін, сондай-ақ медицина саласындағы инновациялар туралы хабардар болуы үшін тек қана дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар орта медицина персоналы да үнемі өздерінің біліктіліктерін арттырып, әріптестерімен тәжірибе алмасады", - дейді Роза Тохтанәлиқызы.
«2022 жылдың басында біз рентгенэндоваскулярлық операциялық блокты жаңарттық, тағы бір рентгенперблокты аштық, ең жаңа жабдықтарды сатып алдық, олардың бірі - Phillips Volkano Core Mobile-ангиографтарға орнатылатын мобильді нұсқа. Ол Алматы қаласында тек біздің клиникада ғана бар. Бізде бірнеше жыл бойы коронарлық артериялардың тамырішілік ультрадыбыстық зерттеулері жүргізіліп келеді, бірақ бүгінгі күнде жабдықтың жаңа үлгісін қолдана отырып, мәскеулік әріптестің басшылығымен біз алғаш рет операция жасаймыз», - деп ҒЗИ бірінші басшысы өз ойымен бөлісті.
«Тамырішілік визуализация клиникалық практикада бұрыннан қолданылып келеді, жаңа технологиялар коронарлық артериялардың жағдайын мейлінше мұқият бағалауға мүмкіндік береді. Ол тек қана емдеуді қажет ететін зақымдануды ажыратуға мүмкіндік береді. Осындай процедураның көмегімен пациенттің, мысалы, қолқакоронарлық шунттау секілді аса күрделі оперативтік араласуды болдырмауға мүмкіндігі бар. Пациентті келесі күні ауруханадан шығаруға болады», - деді Юрий Матчин.
«Коронарлық артериялардың тамырішілік ультрадыбыстық зерттеулерін қолдану асқынуға әкелетін және пациенттің өміріне қауіп төндіретін стент тромбозының қаупін азайтады. Осы әдістің арқасында біз коронарлық артерияларды ішкі жағынан көре аламыз. Артерияға диаметрі шамамен 1 мм болатын арнайы ультрадыбыстық датчик жіберіледі және артерия диаметрін 0.1 мм дәлдікпен өлшеуге, тиісті стент мөлшерін таңдауға, имплантацияланған стентті бағалауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді клиниканың рентгенэндоваскулярлық оперблогының басшысы Алексей Колесников.