Жүректің алғашқы ісіктері барлық жүрек патологияларының 0,001-0,03%-ында ғана өте сирек кездеседі. Жиі кездесетін жүректің қатерсіз ісіктері - эндокардтың миксомасы. Клиникалық көрініс болмаған кезде шағын немесе орташа өлшемді ісік симптомсыз немесе қан айналымы жеткіліксіздігінің белгілері бар науқастарды тексеру кезінде күтпеген нәтиже болуы мүмкін.
Үлкен немесе алып миксомалар өмірге қауіп төндіруі мүмкін және шұғыл хирургиялық араласуды қажет етеді.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының кардиохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, клиникаға Жаңа жыл қарсаңында түскен 50 жастағы науқас әйел шамалы физикалық белсенділік кезінде де ентігіп, басы айналып, кейде есінен танып қалатындығына шағымданды. Сипатталған шағымдар оны соңғы бір жылдан бері мазалап жүргенін, дәрігерлерге қаралмағанын, эхокардиография жасалмағанын айтты. Соңғы айларда ентігуі күшейіп, аяқтарында ісінулер пайда болған.
Эхокардиографияда сол жақ жүрекше қуысында көлемі 6,0х4,0 құрылым анықталды. Пациентке сол жүрекшенің миксомасы деген диагноз қойылды.
«Өмірлік көрсеткіштері бойынша дереу жасанды қанайналым және кардиоплегия жағдайында жүрекшеаралық қалқа пластикасы, сол жақ жүрекше миксомасын алып тастау операциясы жасалды. Институт кардиохирургтарыңың тәжірибесінің арқасында операция сәтті өтті», - дейді дәрігер.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті, науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Бес күннен кейін ол қанағаттанарлық жағдайда стационардан шықты.
Жүрекшелердің миксомасы - жүрекшеаралық қалқадан шығатын баяу үдемелі ісіктер. Анықталған кезде олар бірнеше сантиметрге жетеді. Сондай-ақ қан айналымы жеткіліксіздігінің айқын белгілері бар және симптомсыз алып миксомалар кездеседі. Аурудың клиникалық көрінісі әртүрлі және көп жағдайда қан айналымы жеткіліксіздігінің жалпы белгілерімен сипатталады.
Бұл жағдайда аурудың клиникалық көрінісінің ұзақтығы 1 жыл болды. Дәл осы уақыт ішінде ісік үлкен мөлшерге жетіп, митральды тесіктің бітелуі жүрек жеткіліксіздігінің дамуына әкелген кезде, науқасқа ісікке күдік болған жағдайда жасалатын ақпараттық зерттеу әдістерінің бірі - эхокардиографиялық зерттеу жүргізілді.
Бұл ауру пациенттің өміріне қауіп төндіреді, себебі миксоманың кішкене кесегі немесе оның бетінде жиналатын ұйынды қан бөлініп кетіп, қан вғымымен басқа ағзаларға жүріп, сол жерде орналасқан артерияларды бітеуі мүмкін.