18-20 сәуір аралығында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да «Тәлімгерлік бағдарламасы» жобасы шеңберінде Алматы қ., Алматы облысының, Қазақстанның басқа өңірлерінің эндокринолог дәрігерлері 2-типті қант диабеті менеджмент дағдыларын арттыру бойынша білімдерін жетілдірді.
Бағдарлама медицина қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында 2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен жасалған ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде «Ново Нордиск Қазақстан» компаниясымен бірлесіп іске асырылуда.
Оқыту барысында еліміздің жетекші эндокринологтары тыңдаушыларды қант диабетін диагностикалаудың заманауи мүмкіндіктерімен, помпалық терапияның ерекшеліктерімен таныстырды, дұрыс тамақтанудың маңыздылығы туралы, сондай-ақ 2 типті қант диабетіне шалдыққан науқастарда үйлесімділік аспектілерін қалай бақылау керектігін түсіндірді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас эндокринологы, КІАҒЗИ ғылыми зерттеулер менеджменті бөлімінің басшысы, эндокринология кафедрасының меңгерушісі және Бағдарламаның тәлімгері Лаура Даньярова клиника базасында жүрек-қан тамырлары асқынулары бар науқастардың күрделі клиникалық жағдайларын талдады.
Бүгінде әлемде әрбір 11-ші адам қант диабетімен өмір сүреді және 2045 жылға қарай бұл көрсеткіш әрбір 9-шы адамға дейін өседі деген болжам бар. Қазақстанда қант диабетімен ауыратын адамдардың саны 500 мыңнан асады.
Қант диабеті - соқырлықтың, бүйрек қызметі жеткіліксіздігінің, миокард инфарктісі мен инсульттің, ампутациялаудың негізгі себептерінің бірі. Қант диабетімен ауыратын науқастардың шамамен 40%-ның - артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі сияқты кардиологиялық асқынулары бар. Кейде жүрек-қан тамырлары ауруы бірінші дамиды, содан кейін предиабет немесе 2 типті қант диабеті диагнозы қойылады.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринологиялық бейіндегі пациенттерді диагностикалауға және емдеуге маманданған. Клиникада қант диабетінің созылмалы асқынуларының диагностикасы, оның ішінде кардиолог, офтальмолог, нефролог, гастроэнтеролог, невролог мамандардың консультациясы, гликемиялық статус мониторингі, аяқ тамырлары патологиясының, брахиоцефалиялық тамырлардың ультрадыбыстық диагностикасы және қантты төмендететін заманауи препараттарды қолдану арқылы терапияның модификациясы жүргізіледі. Бұл шаралар және жоғары білікті эндокринологтардың, басқа да арнайы мамандардың болуы 2 типті қант диабетімен ауыратын науқастарға уақытылы және сапалы мультидисциплинарлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Ново Нордиск» халықаралық компаниясының қызметі семіздік, сирек кездесетін қан аурулары, әлемдегі жүздеген миллион адамдар зардап шегетін эндокриндік жүйе аурулары сияқты ауыр созылмалы ауруларды емдеуге бағытталған.