Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мониторингтік тобы: өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Раушан Жарылқасынова, №2 терапия және жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшелерінің меңгерушілері Майса Қалықова мен Бағдат Ахыт, гастроэнтеролог-гепатолог Балжан Нұғманова, УДЗ диагностикасы дәрігерлері Бақыт Арыспаев және Екатерина Сахапова, нефролог Сәрсенбай Қармақбаев, кардиологтар Дания Сенкибаева, Виталий Павлов, Әйгерім Нағиматуллаева, Ақбота Қыдыкенова, Еңлік Қабақ 18-25 маусым аралығында Алматы облысында жұмыс жасады.
Клиника дәрігерлерінің өңірге бару мақсаты: облыстың Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Талғар және Іле аудандарының тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек, медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық - әдістемелік көмек көрсету.
Дәрігерлер аймақтың емханалары мен ауруханаларында гастроэнтерологиялық және гепатологиялық, нефрологиялық, ревматологиялық және кардиологиялық бейіндегі аурулары бар амбулаториялық және стационарлық пациенттерге консультация берді. Кардиологтар жүре пайда болған жүрек ақаулары, митральды қақпақшаның стенозы, клапанды жүрек ақаулары бар жүрек ырғағының бұзылуы бар науқастарды, ревматолог дәрігер - ревматоидты артрит, дерматомиозит, васкулитке шалдыққан науқастарды, нефролог дәрігер - созылмалы нефротикалық синдроммен, гепатолог - созылмалы вирустық В, С гепатитімен, бауырдың май ауруымен, аутоиммунды гепатитпен және т.б. ауыратын науқастарды қарады.
Алматылық мамандардың қабылдауында 374 пациент болды, оның 44 – іне КІАҒЗИ жағдайында емделуге ұсынылды (бір пациент өңештің варикозды – кеңейтілген тамырларын эндоскопиялық байлауға, біреуі – жүрек-ресинхрондау терапиясына, біреуі – қолқакоронарлық шунттауға және 17 адам коронарографияға жіберілді).
Сапар барысында ҒЗИ мониторингтік тобы облыстағы қан айналымы жүйесінің ауруларын, қант диабетін анықтау бойынша скринингтік тексерулерге және кейбір терапиялық мамандықтар бойынша эпидемиологиялық деректерге талдау жүргізді. Мониторингтік топтың жұмыс қорытындысы бойынша облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Кодасбаевтың және өңірдің медициналық ұйымдарының бас дәрігерлерінің қатысуымен кеңес өткізілді, онда анықталған проблемалар бойынша халыққа көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар берілді.