Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің профессоры Алессандро Салюстри келді.
Институттың кардиолог дәрігерлері, функционалдық диагностика мамандары профессордың «Қарыншалық-артериялық байлам» тақырыбындағы дәрісін тыңдады. Дәріс барысында Алессандро Салюстри бағалаудың жаңа эхокардиографиялық әдістері көлем/қысым арақатынасы туралы әңгімеледі. Қарыншалар-артериялық байламды кешенді бағалау жұмысқа қабілетті механикалық пайдалы әдіс кзффициенті және қарыншалық-жүрекалды жүйенің қызмет етуіне қатысты ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Клиниканың Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, тіпті ең жетілдірілген техника да дәрігерді алмастыра алмайды, сондықтан әрбір дәрігер біліктілігін арттырып, білімі мен дағдылары заманауи талаптарға сай болуы үшін үнемі оқуы қажет.
«Осыған байланысты, біз таяу және алыс шет елдердің жетекші медицина орталықтарымен ынтымақтастық орнатып, дәрігерлер мен орта медициналық персоналды оқуға жібереміз, сондай-ақ тәжірибе алмасу үшін біздің институтқа жетекші мамандарды шақырып отырамыз», - дейді Марат Орынбасарұлы.
Дәрістен кейін профессор эхокардиографияда бірқатар гемодинамикалық көрсеткіштерді өлшеудің жаңа тәсілдерін үйрету мақсатында функционалдық диагностика мамандары үшін шеберлік сынып өткізді.
Шеберлік сыныптарды өткізу шеңберінде қатысушылар алынған ақпаратты талдауға, сұрақтар қоюға мүмкіндік алады. Жетекші мамандардан алған білім кәсіби деңгейді арттыруға мүмкіндік береді және күнделікті тәжірибеде қолданылады.
Профессор Салюстри - клиникалық кардиология мен жүректі визуалдауға маманданған кардиолог. Ішкі медицина және кардиология саласындағы сертификатталған маман. Роттердамдағы Эразм Университетінің, Нидерланды «Стресс-эхокардиография» бойынша философия докторы дәрежесі бар.
Ол Роттердам және Римнің (Италия) торакалды орталықтарында жұмыс істеді, Сандро Пертини ауруханасында эхокардиография зертханасын басқарды, Абу-Дабидегі Луиджи Ди Льегро емханасында (БАӘ), кардиореабилитация бөлімшесінің меңгерушісі болды, сонымен қатар Абу-Дабидегі Кливленд клиникасы мен шейх Халифа Медициналық қалашығында, сондай-ақ Дохада (Катар) инвазивті емес кардиология бөлімшесін басқарды.
2020 жылдан бастап Назарбаев Университетінің профессоры, қазіргі уақытта медицина кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.