Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ рентген-эндоваскулярлық операциялық блок меңгерушісі Алексей Колесников Қостанай облысының, Семей, Петропавл қалаларының рентгенхирургия бөлімшелерінің меңгерушілері және интервенциялық кардиологтар үшін күрделі интервенциялық коронарлық араласу бойынша шеберлік класын өткізуде.
Екі күннің ішінде коронарлық артериялардың созылмалы окклюзиясы бар 7 пациентке операция жасалады. Бұрын мұндай диагнозы бар пациенттерге тек қолқа коронарлық шунттау операциясы жасалатын. Бірақ бүгінде интервенциялық кардиологияның дамуы ашық хирургиялық араласуды жасамауға ықпал етеді және көптеген пациенттер ашық операция жасатқысы келмейді.
«Біздің ҒЗИ мамандарының кәсіби өсуі үшін жағдай жасалуы, инновациялық технологиялардың енгізілу, жинақталған білім мен практикалық дағдылар бізге өңірлердің дәрігерлерін оқытуға мүмкіндік береді. Үздік мамандарымыз өз әріптестерін клиника жағдайында, сондай-ақ өңірлерге барып оқытады», - деп атап өтті Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Алексей Евгеньевичтің айтуынша, жүрек тамырларының күрделі зақымдануы, соның ішінде жүрек бұлшықетін қанмен қамтамасыз ететін тамырдың толық жабылуы - коронарлық артериялардың созылмалы жалпы окклюзиясы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Көбінесе науқастарды ентігу, жүректің ауруы мазалайды, физикалық белсенді болу қиынға соғады, өмір сапасы төмендейді.
Айта кетерлік жағдай, 63 жастағы алматылық пен 71 жастағы науқасқа басқа клиникаларда тері арқылы коронарлық араласу нәтиже бермеген. Алматының басқа медициналық орталығында 52 жастағы қарағандылық тұрғынға осындай операция жасау да дұрыс нәтиже бермеген.
Бұған дейін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да коронарлық артериялардың созылмалы окклюзиясы бар науқастарға жасалған операциялар сәтті өтті. Институттың жоғары білікті мамандары шеберлік класы аясында өткізілген күрделі операциялық араласулардың сәтті нәтижесіне сенімді.