КжІАҒЗИ аритмология саласында әлемдік деңгейде танымал маман Яцек Гаектың қатысуымен шеберлік класы өтті

КжІАҒЗИ аритмология саласында әлемдік деңгейде танымал маман Яцек Гаектың қатысуымен шеберлік класы өтті

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Вроцлав медициналық университетінің (Польша) профессоры, аритмология саласында әлемдік деңгейде танымал маман Яцек Гаектің қатысуымен шеберлік класы өтті. Тұрақты жүрекше фибрилляциясы және кеуде қуысының ауыр сколиозы бар 48 жастағы науқасқа, асқынған ағымы кенеттен жүрек өліміне әкелуі мүмкін толық атриовентрикулярлық блокадасы бар 29 және 42 жастағы пациентке операция жасалды.

Шеберлік класы мамандарға жүрек қызметінің жеткіліксіздігінен зардап шегетін пациенттерде кардиоресинхронизацияға қол жеткізу үшін Гис байламының сол аяқшасын ширықтыруды қолдануда қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Шеберлік класы аясында электродтардың осы конфигурациясы бар құрылғыларды бағдарламалау ерекшеліктері, күрделі клиникалық жағдайлар талқыланды.

Кардиостимуляцияның инновациялық әдісі жүректің өткізгіш жүйесіне тұрақты ынталандырушы электродтарды имплантациялауға негізделген. Басты мақсат - сол жақ қарыншаның жұмысын жақсартуға көмектесетін сол жақ аяқша байламымен жүректің өткізгіш жүйесін белсендіру арқылы қарыншалардың синхронды жиырылуына қол жеткізу.

«Бұл операция жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар науқастар үшін тиімді. Операция кезіндегі қауіп аз, өйткені біз жоғары технологиялық жабдықпен жұмыс істейміз. Операциядан кейін қосымша патологиясы болмаса келесі күні ауруханадан шығаруға болады», - дейді ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

«Жүректің өткізгіш жүйесіне ынталандырушы электродтарды имплантациялау пациентке жүрек қызметі жеткіліксіздігінің дамуын болдырмауға мүмкіндік береді. Әр пациент үшін біз шығын материалдарының үлкен спектрін жеке таңдаймыз», - деді ритмологиялық қызметтің аға ординаторы Асылхан Паримбеков. Оның айтуынша, кардиостимулятор тәулік бойы жұмыс істейді, жүректі ширықтырады және жүрек соғу жиілігі шекті деңгейден төмендеген кезде сұраныс бойынша қосылады. Бұл жүректің қалыпты жұмысына мүмкіндігінше жақын физиологиялық ширықтыруға мүмкіндік береді.

Бұл әдіс алғаш рет 2010 жылдың соңында дәрігерлер кардиостимуляция нәтижелерін жақсарту жолын іздеген кезде қолданылған. Имплантация саны артқан сайын нәтижелер процедураның сәттілігін көрсетеді. Электродты сол аяқшаның байламы аймағына орнатудың сәттілігі 90% асады.

Ерте зерттеулер пациенттерде оң қарыншалық стимуляциямен салыстырғанда жүрек қызметі жеткіліксіздігінің даму жағдайлары аз екенін көрсетеді. Клиникалық тәжірибенің артуымен бұл әдіс кардиостимуляцияны қажет ететін науқастар үшін таңдаулы әдіс болуы мүмкін.