Жыл сайын 12 мамырда мейірімділіктің символына айналған мейірбике ісінің негізін қалаушы Флоренс Найтингейлдің (1820-1910 жылдар) туған күнінде бүкіл әлемдегі мейіргерлердің кәсіби мерекесі – Дүниежүзілік мейіргерлер күні атап өтіледі.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Мадалиев атап өткендей, мейіргердің қызметі әрдайым сұраныста, кез келген медицина ұйымында олардың орның бірде-бір маман алмастыра алдайды. Мейіргердің мамандығы өте маңызды. Бұл заманауи жан-жақты білімді, мамандығы бойынша дағдыларды меңгеруді, төзімділік пен шыдамдылықты, өзгеге жанашырлықпен қарауды талап етеді. Мейіргерге жүктелген міндеттер оның мамандығын сан қырлы етеді.
Медицина қызметкерлерінің осы санаты пациент және оның отбасына жақын. Мейіргер командалық жұмыста негізгі орынды алады және алуы тиіс. Сондықтан да институттың бірінші басшысы Роза Қуанышбекованың бастамасы бойынша 2019 жылдан бері қызмет істеп келе жатқан пациент мектебінің қызметіндегі мейіргердің рөлі зор. Бұл - нефролог, эндокринолог, гастроэнтеролог, кардиолог, пульмонолог және аллергологтар мектебі. Оларды құрудың мақсаты пациенттердің денсаулығын сақтауға деген ынтасын қалыптастыру, олардың денсаулығы мен өмір сүру сапасына деген жауапкершілігін арттыру, емдеу мен оңалтудың тиімділігіне қол жеткізуде медицина қызметкері мен пациенттің бірлігін қамтамасыз ету болды. Пациент мектептерінде созылмалы инфекциялық емес аурулар: қант диабеті, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, бүйрек аурулары бар науқастар оқытылады. Дәрігер – пациент – мейіргер командасы тығыз байланыста жұмыс істейді.
Құрманғазы Нұрмағанбетұлының айтуынша, 2021 жылдың тамыз айында ҒЗИ медицина саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінің ең беделді халықаралық деңгейдегі «алтын стандарт» болып табылатын JCI аккредиттеуінен өтті. JCI халықаралық сараптау комиссиясы аудиторларының тексеруі клиникада жұмыс істейтін дәрігерлердің де, мейіргерлердің де кәсіби деңгейінің жоғары екендігін растады. JCI стандарттары бойынша ұйымдағы мейіргер күтімі процесі де бағаланады. Жүйелі жұмыстардың арқасында мейіргерлер жұмысының тиімділігі артты. Аккредиттеу мейіргерлерді көптеген дағдыларға үйретіп, көптеген функцияларды жүктеп, мейіргердің рөлін арттырады.
Ұжымда мейіргерлермен қатар жігіттер де жұмыс істейтіні қуантады Олардың бірі: Шахмурат Ярмахамет - рентгенэндоваскулярлық операция блогының операция мейіргері. Шахмурат істеп жүрген жұмысының өзіне ұнайтындығын айтады. Клиникада 8 жылдан астам уақыт Әйгерім Тілеулинова жұмыс істеп келеді. 2019 жылдан бастап рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің аға мейіргері болып қызмет жасап келеді. Әйгерім кардиологиялық, созылмалы жүрек кемістігі және өкпе гипертензиясы бейіндегі пациенттерді күту, қарауда тәжірибесі бар. Институтта осындай өз істеріне адал мейіргерлер көп.
Клиника басшылығы дәрігерлер мен орта медицина персоналының кәсіби тұрғыдан өсуі үшін барлық қажетті жағдайларды жасап отыр. Мамандар тұрақты түрде алыс және жақын шетелдерде өздерінің біліктіліктерін арттырып отырады. Мысалы, институттың 16 қызметкерлері, оның ішінде дәрігерлер де, орта медицина қызметкерлері (6 адам) де бар, 2021 жылдың желтоқсан айында әлемнің ең үздік клиникаларының ондығына кіретін «Шиба Тель-Хашомер» (Тель Авив, Израиль) медицина орталығында біліктілігін арттырудан өтті. Операция мейіргерлері, рентгензертханашылар, инфекциялық бақылау жөніндегі мейіргер және т.б. орталықтың түрлі бөлімшелерінде болып, пациенттің клиникаға түскенінен бастап оның емделіп шыққанына дейін оларды күтіп қарау, сондай-ақ эпидемиялогиялық жағдайдағы жұмыстарымен танысты. Мейіргерлер сондай-ақ еліміздің жетекші медициналық орталықтарының базасында тағылымдамадан өтеді.
Әріптестерін Халықаралық мейіргерлер күнімен құттықтай отырып, Құрманғазы Мадалиев: «Адамдардың белсенді еңбек етуіне, олардың өмірге қайта оралуына көмек беріп, оларға қуаныш пен үміт сыйлайтын мейіргерлердің еңбектеріне табыс тілеймін, кәсіби шеберлікке қол жеткізулеріне, зор денсаулық пен отбасыларыңа амандық тілеймін!», деді.