27 маусымда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ келді. Басқарма төрағасы Марат Пашимов клиникада көрсетілетін медициналық қызметтер, медициналық техникамен жарақтандыру, жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Министр жұмысын пациенттер ағынын сұрыптаудың заманауи стандарттарына сәйкес жабдықталған қабылдау бөлімшесінен бастады. Ол ғылыми-зерттеу институтына қай өңірлердің тұрғындары көп жатқызылатынын сұрады: Ауруханаға жатқызылған пациенттердің басым көпшілігін Алматы қаласының және Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарының тұрғындары құрайды.
Еліміздің бас дәрігері сәулелік және функционалдық, ультрадыбыстық диагностика бөлімшелерінде болды, бұл бөлімшелерде диагностикасы күрделі аурулары бар пациенттер үшін республикадағы ең заманауи толық кардиопакеті және 3d-бейнелеуі бар премиум -класты КТ аппараты қолжетімді. Соңғы буындағы бірегей аппаратта зерттеулер жүргізу бастапқы диагностиканы жоғары дәлдікпен жүргізуге, терапияның тиімділігін бақылауға, пациенттерді жүрек операцияларына дайындауға мүмкіндік береді.
Институттың жаңғыртылған консультациялық-диагностикалық бөлімшесі тұрғындарға амбулаториялық көмекті жүзеге асырады; соңғы 3 жылда халықтың көмекке жүгіну санының артуы, орташа есеппен алғанда пациенттердің 47% - ға динамикалық өсуі байқалады (2022 жылы 9890 пациентке, ал 2023 жылы - 13493 пациентке амбулаториялық қызмет көрсетілді), оның ішінде 53,8% клиника емдеуге жатқызылды. Күніне орта есеппен 250 амбулаториялық пациентке консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетіледі. Жол картасы бойынша жобаны орындау аясында 2024 жылы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және дислипидология кабинеті ашылды. Клиника басшылығы терапиялық қызметті дамыту бойынша міндеттер қойды, осыған байланысты кафедра қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамын: гастроэнтеролог, ревматолог, эндокринолог, пульмонолог мамандарды тарта отырып, штат саны ұлғайды. МСАК ұйымдарымен және облыстардың денсаулық сақтау басқармаларымен белсенді жұмыс жүргізілуде.
Кардиохирургия бөлімшесінде жүрек пен қан тамырларының біріктірілген немесе декомпенсацияланған аурулары бар пациенттерге күрделілігі V-VII санаттағы аралас операциялар жасалады. Мамандар Алматыда алғашқы LVAD операцияларын жүргізді; жүректің жасанды сол жақ қарыншасын имплантациялау қажеттілігі жылына 15-тен 25-ке дейін, ал донорлық жүрек трансплантациялау қажеттілігі жылына 5-тен 10-ға дейінгі көрсеткішті құрап отыр. Сондай-ақ, кардиохирургтар Гипертрофиялық кардиомиопатия бағдарламасы сияқты инновацияларды енгізді- Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ - республикада ГКМП кезінде операция жасайтын жалғыз орталық. Қазақстанда алғаш рет: гипертрофиялық кардиомиопатияны генетикалық зерттеу, жүректің ашық операцияларында криоабляция, жүрекшелер фибрилляциясы кезінде сол жақ жүрекше құлағын клиптеу, қолқадағы гибридті операциялар орындалды
Еліміздегі донорлардың жеткіліксіздігі туралы проблемалық мәселелер қозғалды. Министр донорлық процесті ұйымдастыру мәселелері бойынша медициналық ұйымдармен жұмысты жандандыру қажеттігіне, қайтыс болғаннан кейінгі әлеуетті донорды анықтау кезіндегі іс-қимыл алгоритміне назар аударды.
Министр пациенттермен де сөйлесті. Кардиохирургия бөлімшесінің пациенті: «Дәрігерлердің арқасында мен қазір Сіздің алдыңызда отырмын, маған өте күрделі операция жасалды. Мұнда жоғары білікті мамандар жұмыс істейді және науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Клиниканың бірінші басшысының еңбегінің, тамаша ұйымдастырушылық қасиеттерінің нәтижесінде клиника айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған: ғимарат жөнделген, жаңа жабдықтармен жабдықталған және т.б.».
Еліміздің бас дәрігеріне халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жаңғыртылған рентгенэндоваскулярлық оперблок көрсетілді. Қатты және кальциленген атеросклеротикалық бляшкаларды емдеудің өте тиімді революциялық әдісі - TAVI, ротабляция сияқты ҒЗИ - да жүргізілетін рентгендік эндоваскулярлық араласулар туралы айтылды. Мұндай операцияларды тек жоғары білікті тәжірибелі дәрігерлер жасай алады және тек сараптамалық деңгейдегі клиникаларда жасалады.
Клиникалық-диагностикалық зертханада заманауи анализаторлар, соның ішінде аутоиммунды патологиясы бар науқастарды диагностикалауға арналған «Phadia 250» автоматты ИХЛ-анализаторы көрсетілді; ImmunoCAP технологиясы көптеген жылдар бойы ең дәл диагностика болып танылған, ДДҰ бұл әдісті анықтамалық деп таныды және оның көмегімен әлемде аллергиялық аурулардың таралуы зерттелуде. Айта кету керек, ішкі ағзалардың көптеген ауруларын сапалы зертханалық диагностикалаудан басқа, мұндай енгізулер ғылыми зерттеулердің өсуін ынталандырады.
Кездесу соңында Министр институтта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстары үшін ұжымға алғысын білдірді.
Ақмарал Шәріпбайқызы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-нің құрметті ұжымына! Ұжымға ұлт денсаулығы жолындағы еңбегіне табыс, жаңа жетістіктер тілеймін!