Терең және тері астындағы тамырлардың тромбозын, сондай-ақ өкпе артериясының тромбоэмболиясын қамтитын веноздық тромбоэмболиялық асқынулар клиникалық медицинаның маңызды мәселесі және ол барлық мамандықтағы дәрігерлердің кәсіби саласына қатысты. Оны терапевттер де, хирургтар да шешуі керек.
Бұл асқынулар науқастың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Төменгі аяқтың веноздық арнасына тромботикалық зақым келген кезде науқастың өміріне тікелей қауіп өкпе артериясының тромбоэмболиясымен байланысты. Терең тамыр тромбозы трофикалық жаралардың даму ықтималдығы жоғары төменгі аяқтың тромбозынан кейінгі ауруына әкеледі. Мүмкін болатын асқыну - бұл өкпе артериясының жалпы обструкциясының нәтижесінде пайда болатын созылмалы постэмболиялық өкпе гипертензиясы. Ауыр созылмалы өкпе гипертензиясы 5 жыл ішінде өкпе эмболиясымен ауыратын науқастардың 10-15%-ның өліміне әкеледі.
Веноздық тромбоэмболиялық асқынулардың бастапқы, қайталама және аралас факторлары бар. Хирургиялық науқастарда веноздық тромбоздың қауіп факторлары екі негізгі топқа бөлінеді: хирургиялық араласуға, қатар жүретін аурулар, туа біткен немесе жүре пайда болған жағдайға байланысты. Жүрек-тамыр хирургиясында тромбоз қаупінің жоғарылауына байланысты ұзақ антитромботикалық терапия алған пациенттермен жиі кездесуге тура келеді.
Бұл пациенттерді емдеудің өз қиындығы бар, өйткені хирургиялық араласудан бұрын пациенттер көбінесе антитромботикалық терапияны тоқтатуды қажет етеді. Оның тоқтатылуы тромбоэмболиялық асқынулардың даму қаупінің артуына әкеледі. Сондай-ақ, антикоагулянттар мен антиагреганттарды қабылдау геморрагиялық асқынулардың даму қаупіне әкеледі. Бұл жағдайда клиниктердің ұсыныстары әр пациентке қатаң жеке болуы керек, асқынулардың жиілігін азайтып, тромбозға қарсы терапияның тиімділігі мен оның қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет.
Веноздық тромбоэмболиялық асқынулардың жиілігін ескере отырып, олардың клиникалық салдарын ескеру қажет. Жүрек-қан тамырлары хирургиясында, оның ішінде аритмологияда жасалатын барлық операциялар тромбопрофилактиканы қажет етеді.
«Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» тромбоэмболиялық асқынулардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді, олар: бағалау шкалаларын қолдану арқылы қауіп факторларын анықтау; механикалық әдістер, антикоагулянттық және антиагрегантты терапияны қолдану және зертханалық деректерді бақылау», - дейді ҒЗИ клиникалық фармакологы Ажар Танирберген.
Маманның айтуынша, веноздық тромбоэмболиялық асқынуларды диагностикалау, емдеу және алдын-алу сапасын арттыру мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жағдайдың өзгеруіне жоғары тиімді емдеу-диагностикалық бағдарламаларды кеңінен енгізу және алдын-алу әдістерін стандарттау арқылы қол жеткізуге болады. Дәрігерлердің жиынтық әлемдік тәжірибе негізінде әзірленген ұсынымдарды қатаң орындауы міндетті шарт болып табылады.