19-21 қаңтарда Қытайдың Хайкоу қаласында қазақстандық делегацияның қатысуымен жүрек аритмиясы бойынша жыл сайынғы IX Азиялық саммит өтті.
Әлемнің жетекші аритмологтары мен кардиэлектрофизиологтарының басқосуына қатысушы және модератор ретінде Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ аритмология қызметінің аға резиденті Артур Әбдімомынов шақырылды.
Ғылыми жиынның барысында жүректің заманауи аритмологиясы мен электрофизиологиясының маңызды мәселелері талқыланып, осы саладағы соңғы зерттеулер таныстырылды.
Қазақстандық делегация жүрекше фибрилляциясын емдеудің термиялық әдістеріне балама болып табылатын миокард электропорациясын талқылауға үлкен қызығушылық танытты. Биылғы жылы институттың қабырғасында жүрекшелер фибрилляциясы кезіндегі миокардтың электропорациясы бойынша шеберлік сыныбын өткізу жоспарлануда.
Біз әріптесіміз Артур Қаныбекұлының маңызды шараның «Progress in Atrial Arrhythmia» сессиясының модераторы ретінде өту барысын өз деңгейінде басқарып, аудиторияның өзара әрекеттесуіне ықпал еткені үшін қуаныштымыз.