Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз тамаша жан, өз ісінің кәсіби шебері, жас мамандардың тәлімгері Ольга Васильевна Машкунова туралы айтқымыз келіп отыр.
Ол Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жетекші консультанты, жоғары санатты ревматолог, профессор, м.ғ.к., орфандық аурулар бойынша медициналық үйлестіруші.
Денсаулық сақтау жүйесінде 37 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді.
Ольга Васильевна Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін, осы институтта ревматология бойынша аспирантураны үздік бітірген, Дүниежүзілік Банк жобасының және «Отбасылық медицина бойынша шебер-жаттықтырушы» Лондон, Бристоль (Ұлыбритания) Британдық Кеңесі жобасының қатысушысы. Мәскеу қ. РМҒА В.Насонова ат. Ревматология ғылыми-зерттеу институтында ревматологияның өзекті мәселелері бойынша, Токиода (Жапония) ревматологиядағы оңалту жөнінде, Алматы қ. ҚазҮМБУ терапия мен ревматологияның өзекті мәселелері жөнінде біліктілігін арттырған.
6 жыл бұрын Ольга Васильевна КІАҒЗИ-ның қабырғасында Фабри ауруының 1-ші жағдайын анықтап, диагноз қойды. Клиникада құрғақ дақ әдісімен орфандық аурулардың генетикалық диагностикасы енгізілді және республикалық бюджеттен қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіліп, ферментті алмастыру терапиясы жүргізіле бастады, Соның арқасында мукополисахаридоз, Фабри ауруына шалдыққан науқастардың жағдайы жақсарды.
Ольга Машкунованың басшылығымен КІАҒЗИ мамандары республиканың түкпір-түкпірінен аутоиммунды патологиясы бар пациенттер үшін гендік-инженерлік (биологиялық) терапияны қолдана отырып, емдеудің инновациялық әдістерін енгізуде.
Ревматоидты артритпен, анкилозды спондилитпен, дәнекер тінінің жүйелік ауруларына шалдыққан науқастар биологиялық препараттарды ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін алады. Бұл терапияның сәттілігінің негізгі факторы, Ольга Васильевна сияқты, гендік-инженерлік биологиялық терапияны қолдану тәжірибесі мен біліктілігі жеткілікті дәрігерлердің пациенттерді бақылауы болып табылатынын айта кеткен жөн.
Ольга Васильевна көптеген жылдар бойы телемедицина көмегімен еліміздің барлық аймақтарының ауыр науқастарына қашықтан кеңес беріп келеді. Сондай-ақ, ревматологиялық бейіндегі пациенттердің телеконсультациялары бір жыл ішінде өткізілген телеконсультациялардың жалпы саны бойынша жетекші орында екенін атап өткен жөн.