Жүрек аурулары кезінде дұрыс таңдалған дәрі-дәрмектер өмірді ұзартады және өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Дегенмен, жүрек-қан тамырлары жүйесінің көптеген ауруларының алдын алу және емдеуде бірінші кезекте ұзақ өмір сүруге арналған тағы бір дәрі бар, бұл - физикалық белсенділік.
Спортпен шұғылдану жүректің жұмысына жақсы әсер етеді. Дене белсенділігі:
- атеросклероздың алдын алады;
- спортпен шұғылдану аурудың себептерінің бірі - артық салмақтан арылтады, қан қысымы мен холестерин деңгейі қалыпқа келеді;
- тамырдың тонусын қалыпқа келтіретін азот оксидін шығарады.
Егер үнемі жаттығулар жасаса, онда жүрек-қан тамырлары жүйесі төзімді болады. Жүктемелерді неден бастау керек?
«Физикалық белсенділікті жаяу жүруден бастаған жөн. Күнделікті далаға шығуға тырысу керек, мысалы, азық-түлік сатып алуға немесе қоқысты шығару үшін немесе автобустан бір аялдама ерте түсіп, жаяу жүру керек. Егер Сіз бұрыннан жаяу жүріп жүрсеңіз, денсаулығыңыз физикалық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді деп ойласаңыз, велосипедпен жүрген немесе жүзуге барған жөн. Біртіндеп қашықтықты, жүктемені арттыра отырып, жаттығу керек», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология және оңалту бөлімшесінің кардиолог дәрігері Ақбота Қыдыкенова.
Жаттығу кезінде Сіз сөйлесе алатын болсаңыз, бәрін дұрыс жасадыңыз деп саналады. Сөйлеу қиын болса, онда шамадан тыс күш салынғанын білдіреді. Егер ентігу, бас айналу, кеудедегі ауырсыну, жүрек айну немесе суық тер пайда болса, дереу тоқтатыңыз. Егер симптомдар сақталса, дәрігерге немесе мейіргерге хабарласу керек. Тойып тамақтанғаннан кейін және аш қарынға спортпен шұғылданбаған жөн. Жеңіл таңғы ас немесе түскі астан кейін 1-2 сағат өткен соң жаттыққан дұрыс.
«Шамадан тыс жүктеменің шегі барлығына бірдей болмауы мүмкін. Әр адам үшін шамадан тыс жүктеме шегі жынысына, жасына және созылмалы аурулардың болуына байланысты әр түрлі болады. Жаттығуды қауіпсіз ету үшін алдымен дәрігермен кеңесіп, жаттығулардың қолайлысын таңдап, жаттығу кезінде және одан кейін көбірек таза су ішу керек. Егер күн тым ыстық немесе суық болса, сыртта спортпен шұғылданбаған жөн», - дейді дәрігер.
Егер толыққанды спортпен шұғылдануға уақыт болмаса, күнделікті өмірде белсенді өмір салтын ұстану керек: жиі серуендеу, лифтпен емес, баспалдақпен көтерілу, үйді тазалау, итпен серуендеу және т.б. - күніне кем дегенде 30 минут.
Спорттық жаттығуларды бастамас бұрын кардиологпен кеңесу керек.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, физикалық белсенділік - миокард инфарктінен және ашық жүрек операцияларынан кейін науқастарды қалпына келтірудің негізгі әдістерінің бірі. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да кардиология және оңалту бөлімшесінде күн сайын емдік дене шынықтыру өткізіледі, бұл пациенттерге ауыр операциялардан кейін қысқа мерзімде қалпына келуге және күнделікті белсенділікке оралуға ықпал етеді.