ЖҚЖ – бұл дәнекер тіндер мен тамырлардың созылмалы аутоиммунды ауруы, ауру кезінде ағзадағы қорғаныс механизмі өз жасушаларына бөгдетекті ретінде әрекеттесе бастайды. Бұл бүйрекке, теріге, буындарға, жүрекке, қан жасушаларына және өкпеге әсер ететін қабыну процесінің басталуына себеп болады.
Ондаған жылдар бойы аурудың өршуіне және ұрықтың түсіп қалу қаупіне байланысты, ЖҚЖ бар әйелдерге жүкті болудың қауіптілігі ескеріліп келген. «Алайда, аурудың диагностикасының жақсаруы, заманауи емдеу әдістерін әзірлеу және соның салдарынан аурудың болжамын жақсарту ревматологтарға ЖҚЖ кезінде жүктілік мүмкіндігі туралы ойларын қайта қарауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда пациенттердің көпшілігі баланы қауіпсіз көтереді», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімінің меңгерушісі, ревматолог дәрігер Майса Қалыкова.
Ауыр созылмалы аурудың болуы және болашақ ананың дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдау қажеттілігі жүктілік кезінде аурудың қолайсыз ағымы мен асқыну қаупін арттырады. Олар: ЖҚЖ өршуі, өмірлік маңызды органдардың зақымдануы, преэклампсия, түсік тастау, мерзімінен бұрын босану, ұрықтың жетілуіндегі бұзылулар, плацентада тромб пайда болуы. Егер сіз жүктілікті ЖҚЖ ауруы өршімеген немесе өршуі басылған кезде жоспарласаңыз, бұл қауіптердің барлығын төмендетуге болады. Егер жоспарланбаған жүктілік бүйрек, жүрек, өкпе, орталық жүйке жүйесі зақымданған аурудың өршіген кезінде болса, жағдай ұрықтың түсуіне немесе науқастың өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл жағдайларда науқас дәрі-дәрмектік асқыну, жағымсыз реакциялар, мерзімінен бұрын босану қаупін арттыратын глюкокортикоидтың және басқа препараттардың көп дозаларын қабылдауға мәжбүр.
Дәрігердің айтуынша, жүктілікті жоспарлау кем дегенде алты айға созылатын ЖҚЖ өршуінің басылуы кезінде аурудың соңғы өршуін ескере отырып, сондай-ақ аурудың белсенділігін бақылайтын негізгі дәрілердің төмен дозаларын қабылдау барысында ұсынылады.
Ең алдымен, жүкті әйелдің жағдайын мұқият бақылау қажет, пациент ревматологпен, акушер-гинекологпен, қажет болған жағдайда басқа да дәрігерлермен жүктіліктің барлық кезеңінде және босанғаннан кейін де тығыз байланыста болуы тиіс. Әдетте, жүктілік кезінде ревматолог-дәрігердің кемінде 3 консультациясы жүргізіледі (әр триместрде бір рет), оның барысында науқасты тексеру жүргізіледі, талдаулар тапсырылады, дәрілік терапия нақтыланып, өзгертіліп отырады. Ұрықтың өсуі мен дамуын бақылау үшін қосымша зерттеулер жиі тағайындалады – мысалы, аурудың ауырлығын бақылауға көмектесетін «қызыл жегі антикоагулянтына» арнайы қан талдауы. Қан қысымын, баланың өсуін бақылау үшін ультрадыбыстық, кіндік арқылы қан ағымының қалыпты екенін анықтау үшін допплерометрия, нәрестенің жүрек соғу жиілігін тексеру және жүрек бітелуінің белгілерін бақылау үшін ұрық мониторингі, жүктіліктің соңғы екі айында нәрестенің жүрек соғу жиілігін өлшеуге арналған стресстік емес тест, құрсақта оттегі жеткіліктілігін, нәрестенің дамуын бағалау және анықтау үшін биофизикалық профиль.
Аталған шарттар орындалған жағдайда, ЖҚЖ сырқатымен жүктіліктің көпшілігі сәтті аяқталады. Көптеген әйелдер мұқият тексерілсе және босану кезінде ЖҚЖ белгілері болмаса, нәрестені өздері босана алады.
ЖҚЖ бар жүкті әйелдерге дәрі-дәрмектерді қабылдау екі негізгі принципті сақтай отырып жүргізілуі керек. Қолданылатын препараттардың спектрі және олардың дозалары аурудың белсенділігін тежеу және жүктіліктің, босанудың және босанғаннан кейінгі кезеңнің сәтті өтуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болуы керек; екіншіден, препараттар ұрыққа және оның дамуына аз әсер етуі керек.
Жүктілік кезіндегі өмір салтына жауапкершілікпен қарау аурудың өршуіне жол бермейді және дені сау бала туу мүмкіндігін арттырады:
- жиі және көп демалу;
- дәрігердің барлық ұсыныстарын орындау;
- дұрыс тамақтану: жемістер, көкөністер мен дәнді дақылдарды жеу, тұтынылатын тұз мөлшерін азайту;
- дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек терапиясын өз бетінше өзгертпеу керек.