Жүрек-қан тамырлары аурулары дүние жүзінде өлімнің басты себебі болып табылады, жыл сайын 18 миллион адамның өмірін қиады. Әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты Қазақстанда да қан айналымы жүйесінің аурулары алдын алуға болатын мүгедектік пен мезгілсіз өлімнің негізгі себептерінің бірі.
«Артық салмақ пен семіздік, темекі шегу, алкогольді асыра пайдалану, дұрыс емес тамақтану, шамадан тыс тұзды тұтыну, физикалық белсенділіктің болмауы, стресс, артериялық гипертензия, жоғары холестерин, қоршаған ортаның детерминанттары (ауаның ластануы) сияқты қан айналымы ауруларының қауіп факторларын өмір салтын өзгерту немесе дәрілік емес және дәрілік араласуды қолдану арқылы бақылауға болады.», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ консультативтік-диагностикалық орталығының меңгерушісі, кардиолог дәрігер Гузель Исхакбаева.
Дәрігер атап өткендей, алдын алу шаралары үш санатқа топтастырылған, олар:
Бастапқы профилактика, оның мақсаты - халықты аурудың дамуынан немесе өмірлік маңызды функциялардың бұзылуынан қорғау. Оларға салауатты өмір салтын қалыптастырудың – рационалды тамақтанудың, дене шынықтырумен айналысудың маңыздылығы және темекі шегудің, нашақорлықтың, ішімдік ішудің алдын алу сияқты шаралар жатады.
Қосалқы профилактика ауру анықталғаннан кейін немесе аурудың дамуын оның ерте сатысында тоқтату немесе баяулату үшін қауіп факторлары болғаннан кейін қабылданатын шаралардан тұрады. Оларға дәрі-дәрмектерді тағайындау және науқастарды өз жағдайын өздігінен басқаруға үйрету, скринингтерден өту сияқты шаралар жатады.
Үшіншілік профилактика денсаулықтың күрделі, созылмалы проблемалары бар науқастарға одан әрі нашарлаудың алдын алу және өмір сапасын сақтауға көмектесуге негізделген. Бұл шаралар аурулардың, операциялардың, мүгедектіктің ауыр асқынуларынан кейін оңалту бағдарламаларын қамтиды.
Жалпы, дене белсенділігін насихаттау, дұрыс тамақтану, дер кезінде дәрігерге бару, жаман әдеттерден бас тарту – осының барлығы қазіргі заманда халық арасында жүрек ауруының пайызын төмендетуге мүмкіндік береді.
Біз сіздерді өз денсаулықтарыңызды күтуге және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу шараларын жүргізуге, жүректің сау болуы үшін салауатты өмір сүруге шақырамыз.