23 қыркүйектен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Аллергология және иммунология: жетістіктері мен болашағы» атты V Халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Пандемия жағдайында конференция онлайн тәртіпте өтуде.
Конференцияны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ, Аллергологтар, иммунологтар және иммунореабилитологтар қоғамы ұйымдастырды.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми -зерттеу институтының басқарма төрағасы Роза Қуанышбекова өзінің сөзінде: «Республикалық аллергология орталығы - біздің институттың маңызды бөлігі және мақтанышы. Балалар мен ересектердегі аллергиялық аурулар ең маңызды медициналық және әлеуметтік мәселелердің бірі. Үлкен жұмыс жасалуда, жаңа технологиялар енгізілуде, қашықтықтағы медицина, профилактикалық бағдарламалар, ғылыми жобалар дамуда. Дегенмен, әрі қарай да даму мен инновацияларға қажеттілік жоғары. Бұл тұрғыда мұндай ауқымды конференция елеулі оң әсерін тигізуі тиіс», деді.
Республикалық аллергология орталығының басшысы Тайыр Нұрпейісов пандемия кезінде аллергологиялық орталықтардың жабылып қалмағанын және коронавирустық инфекция бойынша амбулаторлық жүктеменің бір бөлігін алғанын айтты. Ол бронх демікпесі мен өкпенің созылмалы обструктивтік ауруының статистикасын жариялады. Республикада бронх демікпесімен ауру 12%-ға өсті. Республикалық аллергология орталығында бір құжат принципі қабылданды, электронды тіркеу, қашықтықтан консультациялар жүргізіледі, арнайы диагностика үшін 500-ден астам аллергендер қолжетімді. Дәрілік аллергия кабинеті ашылды. Тайыр Темірланұлы қатысушыларға әлемдегі жағдай туралы да ақпарат берді.
Конференция барысында Венгрия, Канада, Австрия, Испания, Пәкістан, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстанның жетекші ғалымдары мен практиктары, сондай-ақ отандық аллерголог-иммунологтар, пульмонологтар, неонатологтар, дерматовенерологтар мен инфекционистер баяндама жасайды.
Іс-шара шеңберінде «COVID-19 және басқа инфекциялардың иммунотерапиясы мен иммунопрофилактикасы», «Жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының обструктивті патологиясы», «Аллергодерматоз», «Клиникалық зертханалық диагностика» «Инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың иммунопатогенезі, иммунодиагностикасы және иммунопрофилактикасы» тақырыптарында семинарлар өтеді, қатысушылар мамандардан кеңес алады. «Дәрілік заттарға жоғары сезімталдықтың алдын алу. Күнделікті тәжірибедегі аллергияның in vitro және in vivo арнайы диагностикасы», «Пандемия кезінде заманауи технологиялармен спирометрияны қолдану» тақырыптарында шеберлік кластары, сонымен қатар Қазақстанның жас ғалымдарының сессиясы өткізілетін болады.
Талқылау барысында қатысушылар өздерінің барлық сұрақтарына жауап ала алады.
24 және 25 қыркүйекте конгресс өз жұмысын жалғастырады.
Әр түрлі елдердің сарапшыларының қатысуымен өтетін мұндай іс -шараларды өткізу мамандарға тәжірибе алмасуға, халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік беретіндігін айта кету керек.
Барлық қажетті ақпаратты www.oaiir-2021.kz сайтынан таба аласыздар.